Қасиетті Ораза биыл тамыздың 11-інен қыркүйектің 9-ына дейін жалғасады
АЛМАТЫ. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау биыл тамыздың 11-інен қыркүйек айының 9-ына дейін жалғасады. Ал берілетін садақа мөлшері 100 теңге.
Бұл туралы бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ораза парыз болған мұсылман баласы тамыздың 10-ы күні кешкілік ниет етіп, тамыздың 11-і күні таң қараңғысынан оразаға кіріп, ауыз бекітуі керек.
«Бүкіл республика бойынша тамыздың 10-ы күні кешке барлық мешіттерде тарауық намаздары басталады. 11-інен басталған ораза келер айдың 8-імен бітеді. Ал қыркүйектің 9-ы Айттың бірінші күні болып есептеледі», деді Бас мүфти.
Рамазан айының 27-ші кеші - қасиетті Қадір түні қыркүйек айының 5-інен 6-сына қараған түніне сәйкес келеді.