Қасым-Жомарт Тоқаев адамдарға көзқарасы қалай қалыптасатынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адамдарға көзқарасы қалай қалыптасатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев адамдарға көзқарасы қалай қалыптасатынын айтты
Фото: Ақорда

— Ешқандай жоғары награда, керемет білім және мол тәжірибе заңға қайшы әрекет жасаған кезде кешірім жасауға негіз болмайды. Кешегі табысың емес, бүгінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық екеніңді нақты нәтиже және ісіңе жауапкершілікпен қарау арқылы көрсете аласың. Президент ретінде менің адамдарға көзқарасым атқарған ісіне қарай қалыптасады. Менің тарапымнан ешқандай артық немесе шамадан тыс талап қойылмайды: тәртіпті бұзбасаң, адал болсаң, жинақы жүріп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамасаң болғаны, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл — барлық лауазымды тұлғаларға қойылатын қарапайым, орынды талап. Оны мүлтіксіз орындау қажет.

— Талай рет айттым, тағы да еске саламын: Конституцияда «Заң мен Тәртіп» бұлжымас қағидат ретінде бекітілді және атақ-абыройына, қоғамдағы орнына қарамастан азаматтардың бәріне бірдей қолданылады. Барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтарды терең түсініп, оны іс жүзінде ұстануға тиіс, сондай-ақ Әділетті Қазақстан құру идеясын шынайы ниетпен қабылдағаны жөн, — деді Мемлекет басшысы.