Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Наташа Пирц-Мусарды қарсы алды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусарды қарсы алды.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұранын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр.

Бұған дейін Ақорда келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылау жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.
Екі ел арасындағы келіссөз барысында іскерлік байланысты дамытуға айрықша назар аударылып, Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтеді. Словения экожүйелерді қорғау және орнықты даму бастамаларын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты арттыруға, соның ішінде экология, экономика және гуманитарлық бастамаларды нығайтуға тың мүмкіндік береді.
