Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ықпалды мұсылмандар тізіміне енді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын жарияланатын The Muslim 500 — «Әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылман» тізіміне енді. Мемлекет басшысының есімі 2027 жылғы басылымда саяси қайраткерлер санатында көрсетілген.
Аталған тізімді Иорданияда орналасқан Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы (The Royal Islamic Strategic Studies Centre) жыл сайын жариялап отырады.
Басылымда Қасым-Жомарт Тоқаев Political («Саясат») санатында берілген. Сонымен қатар мақалада 2022 жылы басталған саяси өзгерістерге ерекше назар аударылған. Қаңтар оқиғаларынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құру бастамасын көтеріп, ауқымды саяси реформаларды ұсынғаны атап өтілген.
2022 жылғы маусымда өткен республикалық референдумда Конституцияға енгізілген өзгерістер мақұлданды. Бұл түзетулер Президенттің өкілетін шектеуді, Парламенттің рөлін күшейтуді және Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарға ие болуына тыйым салуды көздеді.
Сондай-ақ басылым авторлары 2022 жылғы қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың 81,31 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткенін еске салған. Жаңа Конституцияға сәйкес, ол бір рет қана жеті жылдық мерзімге сайланды.
The Muslim 500 — әлемнің түрлі елдеріндегі мұсылман қауымына елеулі ықпал етіп жүрген тұлғалар туралы жыл сайын шығатын басылым.
Тізімді жасау кезінде қоғамдық пікір, сарапшылардың бағасы, әлеуметтік көрсеткіштер мен үміткерлердің өмір бойы жеткен жетістіктері ескеріледі. Тұлғалардың ықпалы тек сандық көрсеткіштермен ғана емес, мұсылман қауымына тигізген ұзақ мерзімді әсерімен де бағаланады.
Басылымға барлығы 500 адам енгізілген. Алғашқы 50 қатысушы рейтингте нақты орындарға ие болса, қалған 450 адам саясат, дін, бизнес, ғылым, мәдениет, қайырымдылық, спорт және басқа да салаларды қамтитын 13 санатқа бөлінген.
The Muslim 500 тарихында алғаш рет 2027 жылғы шығарылымда бірінші орынды бес тұлға бөлісті. Атап айтқанда, Сауд Арабиясының королі Салман бин Абдулазиз Әл Сауд, тақ мұрагері әрі Премьер-министр Мұхаммед бин Салман Әл Сауд, Пәкістан Премьер-министрі Миан Мұхаммед Шахбаз Шариф, Пәкістан Қорғаныс күштерінің басшысы әрі Армия штабының бастығы, фельдмаршал Асим Мунир және Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған.
Басылым авторлары мұндай шешімге аталған саяси көшбасшылардың Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі себеп болғанын түсіндірген.
Айта кетейік, биыл ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің және шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығының Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездескен еді.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы халықаралық аренада беделді әрі іргелі институттардың бірі саналатын Мұсылман ақсақалдар кеңесінің елімізде жүзеге асырып жатқан маңызды жобалары мен бастамаларына қолдау білдірген еді.