Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді құттықтады

АСТАНА.KAZINFORM -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуымен құттықтады. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Телеграм парақшасында жазды.

Геннадий Головкин
Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Президент атап өткендей, бұл тарихи уақиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы елшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі ең үздік боксшылардың бірінен үлгі алған жас спортшыларымыз жігерленіп, биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, АҚШ-тың Нью-Йорк штатының Канастота қаласында өткен салтанатты іс-шараның басты тұлғаларының бірі Халықаралық бокс даңқы залына қабылданған Қазақстанның алғашқы өкілі Геннадий Головкин болды.

Головкинді Даңқ залына қабылдау алдында америкалық жанкүйерлер ерекше құрметпен қарсы алды.