Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы қарым-қатынастың даму перспективасын талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. 

Президен Умару Сисоку Эмбаломен телефон арқылы сөйлесті
Фото: Ақорда

Президенттер екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екендерін растап, өзара ықпалдастықтың басым бағыттарын қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Умару Сисоку Эмбалоны өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сондай-ақ президенттер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның Сыртқы істер министрі Ян Липавскийді қабылдағанын жазған болатынбыз.