Қасым-Жомарт Тоқаев: Халықаралық терроризм мәселесінде саяси ерік-жігер көрсетуге тиіспіз

терроризм
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесуінде ұйымның күн тәртібі бірегей саналатынын айтты. Онда экономикалық ынтымақтастық, инвестициялық саясат, мәдениет, гуманитарлық байланыстар саласындағы ықпалдастық және басқа да көптеген мәселе қамтылған.

– Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін бөлек қарастырамыз. Әрине, мұнда біз саяси ерік-жігер көрсетуге тиіспіз. Солайша бірге екенімізді танытып, ең бастысы, тиімді әрекет етуіміз керек. Қазақстан бұл игі іске өзінің елеулі үлесін қосады. Бұған сенімді болыңыздар. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін алдағы саммитіне зор үміт артамын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, кездесуге қатысушылардың ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «шанхай рухын» күшейту жолындағы жұмысына табыс тіледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті

Жиында Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Сяохун Ван, Үндістан Премьер-министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довал, Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов, Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманкулов, Тәжікстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Насрулло Махмудзода, Пәкістан Ислам Республикасы Үкіметінің Ұлттық қауіпсіздік бөлімшесінің хатшысы Вакар Ахмад, Иран Ислам Республикасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесінің хатшысы Али Акбар Ахмадиан Бабаки; бақылаушы мемлекеттердің өкілдері Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Бямбажаргал Алтангэрэл, Беларусь Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар