Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды
Фото: Ақорда

Президентке бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны екені баяндалды. 1979 жылы негізі қаланған колледжде 1157 студент кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр.

Оқу орнының директоры Бағдашжан Молдашева Мемлекет басшысына білім беру үдерісінде қолданылатын озық технологиялар жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды
Фото: Ақорда

Атап айтқанда, колледжде теориялық білімді тәжірибемен ұштастыратын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Студенттер колледж аумағындағы оқу-шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өтіп, техникамен жұмыс істеудің күрделі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сондай-ақ жаттықтырушы-симуляторлар арқылы шахтадағы жағдайға барынша ұқсас ортада жұмыс дағдыларын үйренеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев колледж жұмысымен танысқаннан соң студенттермен және түлектермен кездесті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды
Фото: Ақорда

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы дуальды оқыту жүйесінің аса қажет екенін жеткізіп, аталған колледждегі теория мен өндірісті ұштастыру арқылы жүргізіліп келе жатқан білім беру ісіне жоғары баға берді.

Президент тау-кен саласы ел экономикасының маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланған 2025 жылы отандық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударылады. 

Соңғы жаңалықтар