Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан серіктестікті нығайтуға ниетті бағыттарды атады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл жылдың соңына дейін Қазақстан мен Өзбекстанның аймақаралық ынтымақтастық форумы өтеді. Бұл туралы Ақордада Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Келіссөз барысында «Орталық Азия өнеркәсіптік кооперация» халықаралық орталығы туралы да айтылды. Бұл орталық екі елдің шекарасында салынып жатыр. Оны тезірек іске қосу аса маңызды. Себебі аталған жоба өзара сауда-саттықты арттыруға зор ықпал етеді. Экономикалық қарым-қатынастың тірегі – өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық. Біз бұған баса мән беріп, жаңа әрі ауқымды жобаларды қолға алу қажеттігіне назар аудардық. Ортақ инвестицияларымыз да аз емес. Қазір жалпы құны 3 млрд доллардан асатын 70-ке жуық жоба бар», - деді Президент.
Мемлекет басшысы машина жасау, металлургия, автокөлік құрастыру, тұрмыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да бағыттағы жобалар табысты іске асырылып жатқанын айтты.
«Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүміндік береді. Энергетика, коммуникация, ғарыштық технологиялар, цифрландыру сияқты салалардың әлеуеті мол. Біз осы бағыттағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударып отырмыз. Кеше Астанада қазақ-өзбек бизнес форумы және Іскерлік кеңестің 6-отырысы өтті. Онда кәсіпкерлеріміз ірі коммерциялық келісімшарттарға және өзге де құжаттарға қол қойды. Үкіметтеріміз бірлескен кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау қажет. Сондай-ақ аймақаралық байланыстың әлеуетін тиімді пайдалану аса маңызды. Қарым-қатынасты нығайтуға аймақтар арасында жасалған келісімдер де едәуір ықпал етеді. Осы ретте жылдың соңына дейін кезекті аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу жоспарланып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.