Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан санкциялық текетіресті кері нәтиже деп санайды

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан санкциялық текетіресті кері нәтиже деп санайды
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында ҚазАқпараттың Берлиндегі меншікті тілшісіне қазіргі саяси жағдайларға қатысты эксклюзивті пікір білдірді. 

– Кейбір ресейлік БАҚ пен саяси қайраткерлер Германияға ресми сапарыңыз барысында Берлинде өткен баспасөз мәслихатындағы мәлімдемелеріңізге сын айтты. Олар Қазақстан Ресеймен ынтымақтастықтан алшақтап, Батыспен жақын байланыс орнатып жатыр деп отыр. Мұндай айыптауға не айтар едіңіз?

«Қазақстан «антиресейлік» ел емес. Біз әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара байланыстыратын Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық бағытын берік ұстанып келеміз. Баспасөз мәслихатында айтқанымдай, екі елдің әртүрлі салаларда, соның ішінде сауда және гуманитарлық байланыстарда ежелден қалыптасқан дәстүрі бар. Санкцияларға келетін болсақ, санкциялық текетірестер жаһандық дағдарыстың шиеленісуі жағдайында бұзыла бастаған халықаралық қатынастарды жақсарту тұрғысынан мүлдем кері әсер етеді. Мен бұл жөнінде БҰҰ Бас Ассамблеясының жақында өткен сессиясында және басқа да сөйлеген сөздерімде айтқан болатынмын.

Қазақстанда санкциялық шектеу қойылған тауарлар жоқтығын және ондай тауарлардың сатылмайтынын атап өткім келеді. Сондай-ақ Қазақстан Ресейге параллель импортқа қатыспайды. Дәстүрлі тауарлар саудасына келер болсақ, бұл бағыт дамып келеді. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті.

Жақында Астанада «Иннопром» көрмесі табысты өтті. Оған Премьер-министр Михаил Мишустин бастаған ресейлік делегация келді. Бұл ретте Қазақстан санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүр және бұл мәселе бойынша тиісті халықаралық ұйымдармен байланыс жасап отырмыз.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік туралы келіссөздерде өзара тиімді жол табу жөніндегі үндеуіме дипломаттардың назарын аударғым келеді. Бұл – өте маңызды. Өйткені әлем жалпы адамзат үшін салдары ауыр болатын және қасіретке әкеп соқтыратын қақтығыстың алдында тұр», - деп жауап берді Президент.

Еске салсақ, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары басталды.

Президент Германия Канцлері Олаф Шольцтің ведомствосына барып, бетпе-бет форматында келіссөз жүргізді.

Келіссөздерден кейін тілшілерге берген баспасөз мәслихатында Президент Қазақстанның Ресеймен екіжақты тарапта және тиісті интеграциялық бірлестіктер шеңберінде тұрақты достық қарым-қатынаста екенін айтты. Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымы жөнінде пікір білдірді. Өзара айыптауларды тоқтатып, іскерлік келіссөздер жүргізуге шақырды

Қазақстан мен Германияның ірі және орта бизнестері арасында маңызды коммерциялық келісімдер бекітілді.

Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар