Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан — шығыс пен батыс арасындағы алтын көпір

ТАРАЗ. KAZINFORM — Біз бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз қажет. Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит хабы ретінде қалыптасуы әбден мүмкін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесу барысында айтты.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент сонымен қатар қазір экономикамызда түбегейлі өзгерістер жасалып жатқанын айтты.

— Біз ел экономикасының дамуына қосымша серпін беру үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Бүгінде сол жұмыстың нәтижесін де көре бастадық. Соңғы бес жылда ұлттық экономика 15,8 пайызға өсті. Биылғы өсім 6 пайыздан асты. Бұл — 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артты. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі рекордтық межеге жетіп, 125 миллиард доллардан асты, — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл «Достық — Мойынты» теміржолының екінші желісі мерзімінен бұрын іске қосылғанын атап өтті. Бұл — Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Бірнеше айда осы жолмен қосымша 6 миллион тонна жүк тасымалданды. Қазір «Мойынты — Қызылжар» бағытында теміржол салынып жатыр.

— Қазақстан — шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір. Біз бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз қажет. Осы жылы 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Әуе қатынасын дамыту ісіне де баса мән беріліп жатыр. Әлемнің ірі қалаларымен тікелей қатынас орнатылып жатыр, 36 жаңа әуе рейсі ашылды. Осылайша, Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит хабы ретінде қалыптасуы әбден мүмкін. Бұл — стратегиялық маңызы бар мақсат. Сондай-ақ интернет еліміздегі азаматтардың 90 пайызына қолжетімді болды. Қазақстан — Starlink желісіне ие болған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Еліміз құрылыс саласында зор табысқа жетті. Биыл 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды, — деді ол.

Бұдан бұрын Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Dala Glass әйнек өндіретін кәсіпорын қызметімен танысқанын жазғанбыз.

Сонымен қатар биыл Жамбыл облысына 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғаны белгілі болды.

Президент Жамбыл облысының экономикасын күшейту керек екенін, оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар екенін баса айтты.

Соңғы жаңалықтар