Қасым-Жомарт Тоқаев Конго жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана мен Браззавиль арасында мәдени-гуманитарлық байланыс орнату өте маңызды. Бұл туралы Ақордада Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Астана мен Браззавиль арасында мәдени-гуманитарлық байланыс орнату өте маңызды. Мен Конго жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бұл қадам ынтымақтастықты нығаята түсері сөзсіз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі ел халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз қатынас орнатқанын баса айтты.
«Көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдарымыз ортақ. Жаһандық және өңірлік құрылымдар аясында ықпалдастығымыз дамып келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда БҰҰ және Африка одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Сонымен қатар біз жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке қатысты пікір алмастық. Қазір ең өзекті мәселенің бірі — климаттың өзгеруі. Біз осы қатермен бірге күресіп, тығыз жұмыс істеуге келістік», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конго басшысының орман өсірудің және орманды қалпына келтірудің жаһандық 10 жылдығы жариялау туралы бастамасын қолдайтындығын айтты.
«Шын мәнінде Сассу-Нгессо мырзаның елімізге сапары тарихи маңызға ие. Бұл сапар Қазақстан мен Конгоның қарым-қатынастарына тың серпін береді деп санаймын. Сонымен қатар Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз. Біз бір-бірімізді қолдап, табысқа бірге жетеміз деп сенемін. Екі елдің достығы арта берсін», — деп түйіндеді сөзсіз Президент.