Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Тұңғыш Президентке мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақ-береке тіледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы құттықтауында Тұңғыш Президенттің заманауи қазақ мемлекеттілігінің негізін қалау, Қазақстан Республикасын құру, еліміздің экономикалық әлеуетін нығайту және халықаралық аренадағы орны мен беделін бекемдеу жолындағы тарихи миссиясын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Астанаға көшіру туралы шешімінің маңызы айрықша екеніне тоқталды.
— Елорданың Сарыарқа төсіне көшірілуі Қазақстанның жан-жақты өркендеуіне тың серпін берді. Бүгінде Астана қарыштап дамып, әлемдегі көрікті шаһардың біріне айналып келеді, — делінген құттықтауда.
Бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күніне арналған құттықтауын жариялады.