Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың мемуары туралы пікір білдірді

мемуары Нурсултана Назарбаева
Фото: twitter

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемуары туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Тұңғыш Президенттің мемуары қоғамда қызу талқыланды. Сіз де ол кітапты оқыған шығарсыз. Көптеген шешім мен оқиғаға тікелей куә болған адам ретінде қандай әсер алдыңыз? Өзіңіздің мемуар жазатын ойыңыз бар ма?», - деп сұрақ қойды «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы.

Өз жауабында Президент бұл кітаптың тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызатынын жеткізді.

«Кезінде бір айтқыш «Мемуарда шындықтың жартысы айтылса да, ол тарихи оқиғалардың ауқымын бағамдауға жеткілікті» деген екен. Нұрсұлтан Назарбаев – бірнеше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз мансабын комсомол белсендісі ретінде Хрущев заманында бастап, арада 60 жылдан астам уақыт өткеннен кейін қызметтен кетті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам.

Мен мемуарларды, публицистикалық шығармаларды, саяси очерктерді әрдайым ыждағатпен оқимын. Ал сұраққа келсек, мен үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, өткен айда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа» атты өмірбаяндық кітабын шығарған еді.

Соңғы жаңалықтар