Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия — Қытай гуманитарлық форумына құттықтау жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин Қытай мен Орталық Азияның «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты гуманитарлық алмасу форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

— Қадірлі қауым! Сіздерді Орталық Азия — Қытай гуманитарлық форумының ашылуымен құттықтаймын! Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның Астана сапары аясында осындай алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» деген тақырыппен өтіп жатқан басқосу — елдеріміздің қарым-қатынасын нығайта түсетін тағы бір маңызды іс-шара. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тату көршілік пен мәңгі достық рухында дамып келеді. Тереңнен тамыр тартатын шынайы серіктестігіміз бүгінде стратегиялық сипат алып, мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Мәдениет — халықтар мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір. Екі елдің бірлігін бекемдеу жолында мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқарады. Сондықтан біз осы бағыттағы өзара ынтымақтастығымызды күшейтуге ерекше мән береміз. Бүгінгі жиында қос халықтың мызғымас құндылықтары, өмір салты мен ақпараттық қауіпсіздігі жайында толымды ой-пікірлер айтылады деп сенемін. Баршаңызға толағай табыс, бақ-береке тілеймін. Форум жұмысы жемісті болсын! — делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді Астана әуежайынан қарсы алғанын жазған едік.