Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Королі бірлескен мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Аса мәртебелі Бельгиялықтар Королі Филипптің бірлескен мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгиялықтар Королі Филипп Ақордада БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Фото: Ақорда

Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруы бойынша Аса мәртебелі Бельгиялықтар Королі Филипп пен Аса мәртебелі Патшайым Матильда 2026 жылғы 11 — 14 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Аса мәртебелі Бельгиялықтар Королі Филипп Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен перспективасын жан-жақты талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тоқаев: Бельгия — Қозоғистоннинг Европадаги ишончли ҳамкори
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Бельгия арасындағы достық қатынастарды тең құқықты және өзара тиімді ынтымақтастық рухында одан әрі дамытуға және тереңдетуге ұмтылысын растай отырып, тараптар:

1. Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты ынтымақтастық тығыз диалог және өзара сенім мен құрмет аясында дамып келе жатқанын атап өтті.

2. 2015 жылғы 21 желтоқсандағы бір тараптан Қазақстан Республикасы мен екінші тараптан Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

3. Қазақстанда бельгиялық бизнестің орнықты қатысуын және өзара сауда мен инвестицияларды одан әрі ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін қанағаттанушылықпен атап өтті.

4. «Қазақстан — Бельгия» іскерлік кеңесінің қызметін және мемлекеттік сапар аясында оның төртінші отырысының өткізілуін екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды дамытудың маңызды тетігі ретінде құптады.

5. аса маңызды минералдар, мұнай-химия, өнеркәсіп, машина жасау, көлік-логистика және жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызды екенін растады.

6. аса маңызды минералдар саласындағы байланыстардың стратегиялық маңызын атап өтіп, мемлекеттік сапар аясында Аса маңызды минералдар жөніндегі дөңгелек үстелдің өткізілуін құптады.

7. көлік-логистика ынтымақтастығын одан әрі дамытудың және Еуропа мен Азия арасындағы өзара байланысты арттырудың маңызын атап өтіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытының Азия мен Еуропа арасындағы сенімді әрі орнықты көлік қатынасы ретінде өсіп келе жатқан рөлін атап көрсетті.

8. екі елдің орнықты экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі үшін цифрландырудың, жасанды интеллект пен инновациялардың маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

9. жасанды интеллект, үлкен деректер, бұлтты технологиялар, суперкомпьютер инфрақұрылымы және деректерді өңдеу орталықтары салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты.

10. ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетін атап өтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейтуге, тамақ өнеркәсібін дамытуға және заманауи агротехнологияларды енгізуге жәрдемдесу ниетін жеткізді.

11. мемлекеттік сапар аясында Қазақстан-Бельгия ректорлар форумының өткізілуін құптап, бірлескен білім беру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты, бірлескен ғылыми зерттеулерді және университеттер мен ғылыми орталықтар арасындағы әріптестікті дамытуға қолдау білдірді.

12. денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың, соның ішінде 1978 жылғы алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясы мен 2018 жылғы Астана декларациясының қағидаттары негізінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Жаһандық коалициясы шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің (АМСК) рөлін күшейтудің, сондай-ақ 2026 жылғы 14 қазанда Алматы қаласында өтетін «Алматы декларациясының 50 жылдығы: болашақ ұрпақ үшін мықты алғашқы медициналық-санитариялық көмек қалыптастыру» конференциясының қорытындылары бойынша қол жеткізілетін уағдаластықтарға сәйкес бірлескен бастамаларды іске асырудың маңызын растады.

13. дінаралық және мәдениетаралық диалогты одан әрі нығайтудың, бейбітшілік мәдениетін, өзара құрмет пен толеранттылықты ілгерілетудің маңызды екенін растады.

14. климаттың өзгеруіне, су ресурстарының тапшылығына және қоршаған ортаның тозуына қарсы күрестегі бірлескен күш-жігердің, сондай-ақ орнықты дамуды ілгерілетудің маңызын атап өтті.

15. 2024 жылғы 7 қарашадағы Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттаманың күшіне енуін құптады.

16. 2027 жылы Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын мерекелеуге арналған іс жүзіндегі нәтижелердің бірі ретінде дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктер және консулдық мекемелері қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы екіжақты келісім бойынша келіссөздерді аяқтауға және оған қол қоюға күш салатын болады.

17. көпжақтылыққа, халықаралық құқық қағидаттарына және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы, орнықты дамуды қамтамасыз етудегі және жаһандық сын-қатерлерді шешудегі Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөліне бейіл екенін растады.

18. БҰҰ, ЕҚЫҰ, сондай-ақ «ҚР — ЕО» және «ОА — ЕО» форматтарындағы көпжақты алаңдар шеңберінде халықаралық күн тәртібі мен экономикалық даму мәселелері бойынша екіжақты саяси диалогты жандандыруға уағдаласты.

19. 1972 жылғы 10 сәуірдегі Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге және оның қорларын жинақтауға тыйым салу, сондай-ақ оларды жою туралы конвенцияны одан әрі нығайтуға мүдделілік танытты.

Қозоғистон ва Бельгия ўртасида ҳал қилинмаган масалалар йўқ — Қасим-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Аса мәртебелі Бельгиялықтар Королі Филипп келіссөздер қорытындысына көңіл толатынын жеткізіп, Қазақстан-Бельгия әріптестігіне жаңа серпін беру жолында табандылық танытатынын растады.

Тараптар Бельгиялықтар Королінің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қатынастар тарихындағы маңызды кезең болатынына және байланыстарды одан әрі сапалы дамытуға негіз қалайтынына сенім білдірді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгиялықтар Королі Филипп Ақордада БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізгенін жазғанбыз.