Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдіріп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Германия – саяси ықпалы зор, әлеуеті мықты және халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Экономика, ғылым, технология және басқа да саладағы орасан жетістіктеріңіз – соның жарқын дәлелі. Осы сәтті пайдаланып, құрметті Канцлер мырза, Сізді және барша отандасыңызды келе жатқан Германияның бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Германияны дамудың жаңа дәуіріне бастаған, тұтас Еуропаның өсіп-өркендеуіне тың серпін берген тарихи күн екені сөзсіз. Мен достас герман халқының одан әрі көркейе беруіне шынайы тілектестігімді білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді стратегиялық серіктесі әрі еліміздің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет деп атады.
– Келесі жылы екі мемлекеттің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Содан бері біздің серіктестігіміз барлық деңгейде дәйекті түрде дамып келе жатыр. Атап айтқанда, сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарымыз нығая түсті. Тиісті шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз да кеңейді. Өзара құрмет пен қолдауға негізделген ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Бірлескен декларация қабылдады. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді.