Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе келіссөз жүргізді

АСТАНА.KAZINFORM – Ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейту перспективасы талқыланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Токаев и Кобахидзе обсудили торговое и культурное сотрудничество Казахстана и Грузии
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі Грузиямен арадағы достық қатынастарды бағалайтынын атап өтті.

– Біздің елдерімізді тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылықтар мен халықтарымыздың арасындағы берік байланыстар біріктіреді. Бұл – өзара серіктестігіміздің негізі. Біз жаңа ғана нәтижелі пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенімізді растадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қазақ-грузин қарым-қатынасын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Сауда-инвестициялық ықпалдастық екі ел байланысының өзегі саналады. Жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды. Әрі аталған елдің ірі инвесторларының қатарына кіреді. Мемлекеттеріміз энергетика секторында табысты ынтымақтастықты жолға қойды. Біз Баку – Тбилиси – Джейхан құбырымен мұнай тасымалы көлемін ұлғайтуға ниеттіміз. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі кездесу келешектегі жаңа басымдықтарды айқындауға септігін тигізеді деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Ираклий Кобахидзе Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскеніне тоқталды.

– Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы сенімді серіктесіміз. Орайлы сәтте Сізді жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын. Бұл Сіздің тегеурінді басшылығыңызды және Қазақстанның орнықты дамуын көрсетеді. Екіжақты серіктестікті жаңа стратегиялық деңгейге көтеру үкіметтеріміз бен халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа жол ашады. Сізге Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ біз Қазақстанмен саяси диалог болсын, институционалдық және үкіметтік алмасулар болсын, түрлі деңгейдегі тығыз ықпалдастықты жоғары бағалаймыз. Мұның бәрі қарым-қатынасымызды ілгерілете түседі, – деді Грузия Премьер-министрі.

Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтермек.