Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік тарапқа бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды

Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен агроинновация орталықтар құруды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.

экономика
Фото: Ақорда

«Заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісі ынтымақтастығымыздың тағы бір маңызды бағыты саналады. Қазақстан зерттеу университеттерінің рөлін күшейте отырып, «білім – ғылым – өндіріс» үштаған жүйесі аясында ғылым саласын реформалауды бастады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысар еді.

«Өзіміздің дақылдар тұқымын көбейту – тағы бір стратегиялық міндет. Картоп пен қант қызылшасы сияқты негізгі дақылдар бойынша Қазақстандағы отандық селекцияның үлесі 10 пайызға жетпейтіндігін мойындауымыз қажет. Мұндай жағдайды шұғыл реттеу керек. Өсімдік шаруашылығында минералдық тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде қолданылмауы проблемаға айналды. Қазақстанда ғылыми негізделген қажеттіліктің 25 пайызы ғана, ал Ресейде іс жүзінде үш есе көп өтеледі. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі бойынша Қазақстанның өнім алу көрсеткіші басқа жетекші аграрлық державаларға қарағанда әзірге айтарлықтай төмен», - деді Мемлекет басшысы.