Қасым-Жомарт Тоқаев: Ресеймен ынтымақтастығымыз өршіл бағытта дамып келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөзде өзара ынтымақтастықтың өршіл бағыттан айнымауы үшін не қажет екенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ресеймен ынтымақтастығымыз өршіл бағытта дамып келеді
Фото: Ақорда

«Бүгін бірқатар келісім мен декларацияға қол қойылып, ортақ мәлімдемелер айтылады. Мұның бәрі өте маңызды. Ынтымақтастығымыз өршіл бағытта дамып келе жатқанын, осы бағытынан айнымайтындай жолға түскенін айтқым келеді. Әрине, біздің міндетіміз, ынтымақтастықтың осы қарқынын бәсеңдетпеу деп түсінемін. Екі ел арасындағы сауда-саттық сәтті даму үшін инвестициялық ынтымақтастық тереңдей түскені керек. Сондай-ақ гуманитарлық және білім беру саласындағы байланыстардың өршіл бағытта дамығаны маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресей президентінің екі арадағы сауда айналымы туралы айтқан мәліметіне тоқталды.

«Шынымен де сауда көлемі артып келеді. Оның көлемін 30 млрд долларлық межеге жетудің жақсы мүмкіндіктері бар. Инвестициялық ынтымақтастық туралы айтсақ, бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 миллиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз», - деді Президент.