Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу — бәрімізге ортақ міндет

Өзге елдер Түркі мемлекеттері ұйымының ұстанымдарына баса мән беретін болды. Бұл туралы Ақордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

түркі елдері
Фото: Ақорда

«Өздеріңізге мәлім, осы күнге дейін біраз шаруа атқарылды. Нақты жетістіктеріміз бар. Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазіргі уақытта толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналды. „Түркі әлемінің келешегі-2040“ атты құжат бекітілді. Ең бастысы — бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ендігі мақсат — өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау екендігін баса айтты. 

«Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу — бәрімізге ортақ міндет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.