Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркия — Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі
АСТАНА.KAZINFORM — Мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Мәртебелі Режеп Тайип Ердоғанға шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді.
— Атажұртқа тағы да қош келдіңіздер деймін! Сіздің Қазақстанға ат басын бұрып, мемлекеттік сапармен келуіңіз — біз үшін зор мәртебе. Қазақ пен түрік — тамыры бір туысқан халықтар. Сондықтан бұл сапардың мәні де, мазмұны да айрықша. Түркия — Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі елді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланыстар, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Біз — бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз. Мақсатымыз — бір, бағыт-бағдарымыз — айқын. Ең басты міндет — халықтарымыздың ынтымағын күшейтіп, табысын арттыру. Бүгінде Түркия — әлемде саяси ықпалы зор, экономикасы қуатты, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Бұл Президент Режеп Тайип Ердоғанның арқасы екеніне бүкіл әлем куә, бұған ешкімнің күмәні жоқ. Тағы да атап өту қажет: Түркияның биік белестерге шығып, зор табысқа жетуі оның жоғары басшысының көреген көшбасшылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ мұның түп-тамырында түрік халқының даналығы, еңбекқорлығы, батылдығы мен бірлігі жатыр деп санаймын, — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы сан қырлы ықпалдастық жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды.
— Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығая түсті. Біз бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткіздік. Нәтижелі кеңес болды. Өзара серіктестікке серпін беретін басым бағыттарды айқындадық. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға уағдаластық. Осы мақсатты жүзеге асыруға құқықтық негіз болатын маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойдық. Ең бастысы, қазақ-түрік қатынасын жаңа деңгейге көтеретін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдадық. Бұл тарихи құжат, шын мәнінде, халықтарымыздың бірлігі мен болашаққа деген ұмтылысының бірегей нышаны екені анық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.