Кәсіп бастау: жастардың 4122 жобасына 2,5 пайыздық микрокредит берілетін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық микрокредиттер алуға 6 мыңнан астам өтінім түсіп, оның ішіндегі 4 122 жоба мақұлданды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Кәсіп бастау: жастардың 4122 жобасына 2,5 пайыздық микрокредит берілетін болды

Мәліметке сай, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредиттер алуға 6 мыңнан астам өтінім түсті. Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 4 122 жоба мақұлданды.
Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.

Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (851), Жамбыл (514), Қызылорда (434), Алматы (401), Батыс Қазақстан (393), Қарағанды (392) облыстарынан түсті.

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 4122 жоба мақұлданды, оның ішінде 3222 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.

Сондай-ақ, микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.

Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Ағымдағы жылдың 4-қыркүйегінен бастап жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілген.

Сонымен, кепілмен қамтамасыз ету ретінде қосымша қабылданады:

- екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;

- республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік;

- жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;

- жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;

- бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;

- мамандандырылған техника.

Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.

Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.

Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар, өміршең болуы тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

Қазіргі уақытта микрокредиттер алуға өтінімдер барлық облыстармен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылдануда.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарының мекенжайлары мына сайтта көрсетілген: https://www.agrocredit.kz.