Кәсіпкер әйелге қарулы шабуыл жасаған қаскүнем ұсталды
АЛМАТЫ. 14 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 32 жасар қарақшының қолынан орталық киім-кешек базарында бірнеше сауда нүктелері бар 44 жасар әйел жапа шекті.
Кешкі сағат бестер шамасында Сауранбаев көшесі бойындағы үйіне кетіп бара жатқан әйелді үйдің кіреберісіндегі екінші қабатта бейтаныс біреу күтіп тұрған.
«Ешнәрседен күдіктенбеген азаматша Айгүл үй дәлізіне кіреді. Кенеттен оның алдынан ер адам шыға келіп, электрошокермен қорқытып, қоқан-лоққы жасау арқылы одан қол сөмкесін беруін талап еткен. Әйел қорыққанынан оның айтқанына көніп, ішінде 200 мың теңгесі бар өзінің қол сөмкесін бере салады. Жәбірленуші уақыт оздырмастан бұл қарақшылық шабуыл туралы дереу полицияға хабарлаған. Нәтижесінде жақын маңайды шолу жұмыстары жедел ұйымдастырылып, күдіктіні іздестіруге патрульдік полиция нарядтарынан басқа ІІД сыртқы қызметтерінің өзге де экипаждары жұмылдырылды», - деп хабарлады Түрксіб аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мошқалов.
Шабуыл жасаушының түр-түсін Айгүл жадында жақсы сақтап қалыпты. Ол патрульдік полицейлерге түгелдей қап-қара киінген 30 жас шамасындағы азиялық нәсілдегі адамды суреттеп берген. Сонымен қатар, әйел өзінің бір күндік табысымен қоса екі ұялы телефоны мен 5 алтын бұйымы да шабуыл жасаушының олжасына айналғанын өз түсініктемесінде мәлімдеді. Жалпы алғанда, келтірілген шығын сомасын Айгүл 408 мың теңгеге бағалаған.
«Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде «Алматы-1» теміржол стансасы аумағындағы тұрғын үйлердің ауласында күдікті қолға түсті. Жәбірленуші өзін тонаған қарақшыны жазбай таныды. Ақша мен электрошокер және басқа да айғақ заттар тәркіленіп, бұлтартпас дәлел ретінде, ҚР ҚК 179-бабы бойынша қозғалған қарақшылық шабуылға қатысты қылмыстық іске тіркелді. Ал ұсталған жігіттің шабуыл жасауға алдын-ала дайындалғандығы, қылмыс қаруы болған электрошокерді өзінің ескі танысынан алғандығы кейінірек белгілі болды. Біздің алдын-ала мағлұмат бойынша, бұл тонаушылық әрекет алдын-ала мұқият жоспарланып, біреулердің берген ақпараттары негізінде жасалынған. Өйткені, жеке кәсіпкер күні бойғы тапқан табысын үйіне ұдайы алып келіп жүрмеген. Тергеу амалдары жалғасуда», - деп өз сөзін тұжырымдады Нұрлан Мошқалов.