Кәсіпкер мен оның жұбайын өлтірген қылмыстық топтың мүшелері ұсталды - ҚР ІІМ
АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Оңтүстік Қазақстан облысында қарақшылық шабуыл жасап, кәсіпкер мен оның жұбайын өлтірген қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен төрт қатысушысы ұсталды.
Бұл туралы бүгін апталық брифингте ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіпкер отбасына қарақшылық шабуыл тамыздың 27-сі күні жасалды. Соққыға жығылған 67 жастағы кәсіпкер мен оның зайыбы денелеріне келтірілген жарақаттардың салдарынан ауруханада көз жұмды. Қарақшылар ірі көлемде ақша мен алтын бұйымдарды алып кеткен.
«Бір айдан соң қылмысты жасаған топтың 3 қатысушысы ұсталды. Қазіргі уақытта олар бас бостандығынан әртүрлі мерзімге сотталды. Қалған екеуіне мемлекетаралық іздеу жарияланған болатын. Қазанның 7-сі күні жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында облыстық ІІД Криминалдық полиция мен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері Шымкент қаласында қаскөйлердің 32 жастағы ұйымдастырушысын, қылмыстық топтың тағы бір мүшесін қолға түсірді», деді Қ. Жұманов.