Кәсіпкер Орифджан Шадиевтің жазасы жеңілдетілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Апелляциялық сот бұрынғы банкир Орифжан Шадиев пен оның көмекшісі Михаил Соловьевке қатысты үкімін өзгертті. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«11 тамызда апелляциялық сот Asia Credit Bank-ке залал келтіру ісі бойынша бірінші инстанцияның шешіміне өзгерістер енгізді. Шадиевті екі жылға бас бостандығынан шектеу, Соловьевке бір жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Олардың әрқайсысына қаржы ұйымының, банктік және сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымдарын атқаруға және қаржы ұйымының ірі қатысушысы болуға тыйым салу түріндегі қосымша жаза тағайындалды», - деп хабарлайды Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.
Бұған дейін, Алматының Алмалы аудандық соты кәсіпкер Орифжан Шадиевті Asia Credit Bank-ке 16,7 миллиард теңге шығын келтіргені үшін 1 жарым жылға бас бостандығынан айырған. Ал, көмекшісін 1 жылға соттаған болатын.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылдың 22 сәуірінде Орифжан Шадиев Asia Credit Bank-тің иесімен банк акцияларын сатып алу туралы келісім жасасқан. Алайда, ол үшін 5 компанияның несиесін өтеуі қажет болған. Шадиев қарыздық міндеттемелерді (16,7 млрд теңге) өз мойнына алуға келісіп, акцияларды сатып алған.
Алайда, Орифжан Шадиев көмекшісі Михаил Соловьевпен бірге банкті жаңылыстыру арқылы жалған құжаттарды қолданып, кепілзаттың (жер учаскесінің) нарықтық құнын асыра бағалаған. Жалпы кепіл құны 25 млрд теңге болатын 7 жер телімі түріндегі өтімді кепілді нарықтық құны 46 млрд теңгеден асатын жер учаскесіне ауыстырып жіберген.
Қылмыстық жоспарға сәйкес, Шадиев пен Соловьев жоғарыда аталған жеті жер учаскесін банк кепілінен алып тастау туралы шешім қабылдап, өтімді активтердің орнына өтімділігі төмен, банктің несиелік және кепіл саясатының талаптарына сәйкес келмейтін No2063А жер теліміне ауыстырған.
Asia Credit Bank лицензиясынан айырылғаннан кейін тарату комиссиясы бұл заң бұзушылықты анықтады.
Сот Орифжан Шадиевті банктің қиын қаржылық жағдайын біле тұра жалған құжаттар арқылы кепілзаттың нарықтық құнын негізсіз өсірген деп шешті.
Осылайша, кәсіпкер мен оның көмекшісі банктің тарату комиссиясына 16,7 млрд теңге мүліктік залал келтірген.
Еске салайық, 2021 жылы «AsiaCredit Bank» АҚ бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізу лицензиясынан айырылған болатын.
Кейін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі AsiaCredit Bank мүлкін ұрлауға қатысты факт тергеліп жатқанын мәлімдеген еді.