Кәсіпкерді 74 млн теңге шығынға батырған қылмыстық топ қолға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда кәсіпкерден қоқан-лоқы көрсетіп, ақшасын тартып алып келген қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Кәсіпкерді 74 млн теңге шығынға батырған қылмыстық топ қолға түсті

«Биыл қыркүйекте Алматы қаласында фибробетон дайындаумен және қас беттерді жасаумен айналысатын ЖШС директоры өзі білетін бір топ адам 2016 жылғы сәуірден бері күш көрсетіп, атыс қаруымен қоқан-лоқы  жасап, оның 16 млн теңге ақшалай қаражатын иеленгені, оған тиесілі пәтерді басқа біреудің атына ресімдеуге және 62 млн теңге қарыз алған деген заңсыз шарт жасауға мәжбүрлегені туралы  Ішкі істер департаментіне  арызданған» делінген хабарламада

Өтініш бойынша  аса ірі мөлшерде қорқытып алу бабы (ҚР ҚК-нің 194-бабының 4-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ІІМ жолдаған мәлімет бойынша, полиция қызметкерлері күдіктілерді қылмыс үстінде ұстауға бағытталған  жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізген,

«Ағымдағы жылы 28 қазанда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері Астана қаласында жәбірленушіден 3 300 000  теңге ақша алу кезінде  Астана және Алматы қалаларының 26 және 47 жастағы тұрғындарын ұстады. Автомашинаны тексеру кезінде күдіктілердің бірінен  қылмыс  құралы - тіркелмеген пневматикалық тапанша алынды» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Алматы қаласында үшінші күдікті - 29 жастағы Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Ұсталғандар ҚР ҚПК-нің 128-бабы бойынша Алматы қаласы ІІД-нің уақытша  ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта дәлелдеу базасын бекіту бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.