Кәсіпкердің үйіне қарулы қарақшылық жасаған үш өзбекстандық қолға түсті

Еске сала кетсек, осыдан екі апта бұрын Алатау ауданында тұратын кәсіпкердің үйіне шабуыл жасалған еді. Таңғы сағат төртте үйге баса-көктеп кірген белгісіз үшеу үй иесі мен оның жұбайын байлап тастап, 120 мың теңге мен екі ұялы телефонды алып, оқиға орнынан тайып тұрған.
«Азамат А-ның табысты бизнесі туралы хабардар болған олар оның үйіне қарақшылық шабуыл жасауды жоспарлаған. Қарақшылар үй иесін қатыгездікпен соққыға жыққан. Абырой болғанда, бұл кезде балалар туыстарының үйінде қонақта болған екен. Үй иесі жиған-тергендерін үйде сақтамайтындығынан қара ниеттілер мүлдем бейхабар еді. Тек жарты сағаттан кейін ғана жіптен босаған үй иелері бұл шабуыл туралы дереу полицияға хабарлаған. Алайда, кәсіпкер мен оның жұбайы үшін шабуыл жасағандардың түр-түсі де, сонымен бірге «шақырылмаған қонақтардың» көлікпен немесе жаяу келгендері де беймәлім болды»,- дейді Алматы қаласы ІІД Криминалды полиция басқармасының қарақшылық шабуыл және тонау қылмыстарын ашу жөніндегі бөлімінің бастығы, полиция майоры Жанболат Зияддин.
Жедел-іздестіру нәтижесінде Өзбекстанның Нүкіс қаласында туып-өскен үш адам анықталды. Қазіргі кезге дейін қарақшылар Алматы қаласының әртүрлі аудандарында тұрып келген. Соңғы уақытта «Шаңырақ» ықшамауданындағы жер үйді олар өздерінің баспанасы ретінде пайдаланған.
«Шабуыл жасаушылардың екеуі 25 жаста, ал олардың тағы бір сыбайласы - 26-да. Олардың біреуі бұрын топпен кісі тонағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты. Қылмыскерлер қазір уақытша оқшаулау изоляторында. Қазіргі кезде ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде»,- дейді Ж.Зияддин.