Кәсіпкерлер Астананың ауылшаруашылық жерлеріне тұрғын үйлер салуды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетовтың айтуынша, бүгінде елорданың құрамында 12 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері бар. 

Кәсіпкерлер Астананың ауылшаруашылық жерлеріне тұрғын үйлер салуды ұсынды

Жоспар бойынша онда тұрғын үйлер салынуы қажет. Алайда, он жылдан бері ол жерлер бос жатыр. Себебі ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мақсатын өзгерту керек. Ал оған төленетін мемлекеттік баж салығын кәсіпкерлерге жүктеп қойған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Иә, заңда "жерді пайдалану мақсаты" деген түсінік бар. Қазіргі кезде ол жерлер ауыл шаруашылығына арналған жерлер болып саналады. Алайда, қаланың бас жоспарына сәйкес, ол жерде тұрғын үйлер салынуы қажет. Енді, сол жердің мақсатын өзгерту керек. Жалпы, біздің есебімізге сәйкес, мемлекеттік баж салығының көлемі 500 млрд. теңгені құрап отыр. Қала кәсіпкерлері ондай сомманы көтере алмайды. Сондықтан мемлекет оны өзі өзгертуі керек деп санаймыз. Себебі кәсіпкерлер ол жерлерді өз еркімен қаланың аумағына кіргізген жоқ. Оны мемлекет кіргізіп алды. Демек, тұрғын үй саламын десе, өзі де атсалысуы қажет", - деді Тасмағанбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның ойынша, мемлекет аталған ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсатын өзгертуге көмектессе, кәсіпкерлер емін-еркін құрылыс жұмыстарын бастай алатын еді. Сондай-ақ, ол жерде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік меxанизмі негізінде үй салып, кезекте тұрған азаматтарға таратуға әбден болады.

"Әкімдік жердің мақсатын ақысыз ауыстырып, инфрақұрылым желілерін тартып берсе, кәсіпкерлер тұрғын үйлер сала алады. Сондай бір мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасын әзірлеуге болады. Негізі, дәл қазір Астана маңайында таратуға жататын жерлер жоқ. Алайда жаңағы жерлерге үй салып, кезекте тұрған азаматтарға таратуға әбден болады", - деп атап көрсетті палата басшысы.