Кәсіпкерлер бомбадан жасырынатын орынға көкөніс өсірмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британиялық Zero Carbon Food компаниясының негізін қалаған кәсіпкерлер Ричард Балларф пен Стивен Дринг көкөніс өсіру үшін бомбадан жасырынатын орынды жалға алды. Лондон орталығындағы жердің астында орналасқан бұл орын екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылған, деп жазады Росбалт.
Кәсіпкерлер иесіз жатқан жерге гидропониканың көмегімен көкөніс өсіруді жоспарлап отыр. Аталған өнімнің сынама түрі аспазшылар мен сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болып, жергілікті мейрамханаларға тарап кетті.
Коммерциялық мақсатта алғашқы тұқымды алдағы наурыз айында отырғызу көзделуде. Ал жаздың басында мейрамханалар мен дүкендер қымыздық, насыбайгүл, кинза, жасыл бұршақ, шалғам, сарымсақ және тағы басқа көкөністерді ала алады. Сондай-ақ қызанақ пен саңырауқұлақ та өсірілетін болады.
Кәсіпкерлер неге бұл орынды таңдады дегенге келсек, онда температура мен ылғалды біркелкі сақтау оңай болмақ. Сондай-ақ басқа жылыжайдағыдай коммуналдық шығындарды көп талап етпейді, тек энергия үнемдейтін лампа орнатса жеткілікті дейді кәсіпкерлер.