Кәсіпкерлер құрылыс саласына жеңілдетілген несие бөлуді сұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы құрылыс саласына жеңілдетілген несие бөлу керек болып тұр. Бұл туралы Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыс саласы үшін сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несиелердің болуы маңызды. Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктер құрылыс саласын қаржыландыруға асықпай отыр. Осы орайда олардың қатаң талаптарына сәйкес келетіндер сирек кездеседі», - деді Б.Жолболдиев қаладағы бизнес өкілдерінің Сенат депутаттарымен кездесуі кезінде.

Оның айтуынша, мемлекеттік нысандарды салу кезінде мемлекеттің кепілдік берген көлемнің негізінде несие беруге болады

«Мемлекет басшысы биылғы қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейтінін айтқан еді. Сонымен қатар Президент банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатқанын ескертті», - деді Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Осы орайда ол банктер бизнесті қаржыландыруға бағыт алуы керек екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар