Кәсіпкерлер мал шаруашылығына қажет маман даярлайтын мектеп ашуды ұсынды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер жергілікті ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын дамытып, оның жанынан мал шаруашылығына қажет мамандар даярлайтын мектеп ашуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовпен кездесуде СҚО фермерлері ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын облыстың басқаруына беру жайында бастама көтерді. Шаруалар қазір қажетті кеңес алу үшін шетелдік мамандардың көмегіне жүгінеді.
«Қазақстанда ғылым өндіріспен бірге жүруі керек. Сондай-ақ тәжірибелі кадрларды сақтап, білікті жас мамандарды даярлау маңызды. Аға буын кетсе жұмыс істейтін мамансыз қаламыз», - дейді кәсіпкерлер.
Осыған орай фермерлер институт базасында мал шаруашылығына қажет мамандарды әзірлейтін мектеп ашуды ұсынды.
«Бизнестің бұл бастамасын Үкімет және Ауыл шаруашылығы министрлігіне пилоттық жоба ретінде ұсынамыз. Бұл –кәсіпкерлердің қалауы», – деді Райымбек Баталов.
Қызылжар ауданында орналасқан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының 50 жылдық тарихы бар. Қазір мұнда 30-дан астам ғылыми қызметкер, бір ғылым докторы және жеті кандидат еңбек етеді. Бірақ қаржыландырудың жеткіліксіздігінен институт өз әлеуетін толық көлемде пайдалана алмай отыр.