Кәсіпкерлер палатасы 6 айда 150 кәсіпкердің құқығын қорғады-Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Ерлан Әбдікеров айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлер палатасы 6 айда 150 кәсіпкердің құқығын қорғады-Қызылорда

Ерлан Әбдікеровтің айтуынша, Палатаға жыл басынан бері бизнес өкілдерінен 97 өтініш түскен. Нәтижесінде 48 өтініш бойынша оң шешім қабылданып, 150-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің араласуымен биылғы жылдың 6 айының өзінде кәсіпкерлердің 217 млн.теңгесін сақталып қалды және 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды.

«Түскен шағымдардың 22 пайызы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметіне, 22 пайызы квазимемлекеттік орган қызметіне, 18 пайызы жер қатынастары, 10 пайызы салық салаларына қатысты», - дейді Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы.

Ерлан Әбдікеров оң шешілген мәселелердің маңыздыларына да тоқталып өтті.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда облыстық филиалы тарапынан кәсіпкерге салынған 25 млн. теңгеден астам айыппұл жойылған;

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облыстық департаменті тарапынан кәсіпкерге салынған 37 млн.теңге айыппұл жойылған;

«Тәртіптік жауапқа тартылған мемлекеттік орган өкілдері: көші-қон полициясы қызметкерлері, Арал ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы мен бас маманы, Арал ауданының жергілікті полиция инспекторы. Бұл азаматтарға «атқарып отырған лауазымына сәйкес емес», «сөгіс», «ескерту» берілді», - деп атап өтті Ерлан Әбдікеров.

Мұнан өзге, Кәсіпкерлер палатасы заңгерлері тарапынан жыл басынан бері «Атамекен» ҰКП-на қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты 20 ұсыныс жолданған.

Егер кәсіпкер ретінде құқығыңыз бұзылған болса онда Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері Сізді қорғауға әзір. Ол үшін 8 /7242/ 40-09-81 /ішкі 4319/ байланыс телефонына хабарласуыңызға немесе Қызылорда қаласы Әйтеке би көшесі 28 мекенжайда орналасқан Кәсіпкерлер палатасына келіп, өтініш қалдыруға болады.