Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдері үшін диалог алаңына айналды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -2016 жылы Қызылорда облысы кәсіпкерлерінің 888,7 млн.теңгеге 186 жобасы қаржыландырылды.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдері үшін диалог алаңына айналды

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Палата басшысы 2016 жыл нәтижелі қорытындыланғандығын жеткізді.  Өткен жылы палатаға келген барлығы 5995 азаматқа 12257 кеңес берілді, 1710 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілді.

«Әсіресе аймақта «Бизнес мектеп» компонентіне сұраныс жоғары. 1007 қызылордалық «Бизнес-кеңесші» оқу курсынан, 120 -«Бизнес-Өсім», 65 адам «Жобалық оқыту» бағдарламаларынан өтті. Нәтижесінде жалпы құны 888,7 млн.теңге тұратын 186 жоба қаржыландырылды», - дейді Палата басшысы.

Палатаның жанынан «Бухгалтерлер клубы», «Заңгер кеңесі» Клубы құрылды. Мұнымен қоса, аудандар мен қалада «Прокурор кабинеттері» ашылды.

Мұнан өзге, өткен жылы 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, бизнес өкілдері 200 млн.теңгеге жуық қаржысын сақтап қала алды. Палата заңгерлері 50-ден астам сот отырысына қатысып, олардың 80 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.

«Айта кету керек, қазір аймақтағы кәсіпкерлер палата заңгерлерінің біліктілігін жоғары бағалауда. Бұған біздің заңгерлеріміздің соңғы кезде сот процестеріне жиі қатысып, бизнес өкілдерінің қорғаушысы ретінде қызмет көрсетіп жүргендігі дәлел. Біздің заңгерлер көрсететін қызметтердің барлығы тегін екенін ескерсек, бұл кәсіпкерлер үшін қаржылық тұрғыдан тиімді. Себебі, кәсіпкер үшін қорғаушы жалдап, қорғаушының бір ғана талап арыз жазып, сот процесінің бір ғана отырысына қатысуы - ең азы 100 000 (жүз мың) теңгені қажет етеді. Біздің заңгерлер 1 жылда 50 сот отырысына қатысты. Енді өздеріңіз де есептей беріңіздер, бір жылда кәсіпкерлер қанша қаржыны үнемдеп қала алғанын», - дейді Ғалымбек Жақсылықов.

Кәсіпкерлер палатасы өткен жылы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру шарасына да белсенді қатысып, өз үлестерін қосты. Облыс бойынша  құрылған 114 ауыл шаруашылығы кооперативінің 11-і палата өкілдерінің  сүйемелдеуімен құрылды.

Оның үстіне, 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласы мамандарының біліктілігін арттыруға да аса мән берілді. Агроқұзыр орталығымен бірге облыста 33 оқыту семинары өткізілді. Шараның маңыздылығы сонда - мамандар шет елдерден шақыртылды.

Палата мамандарының сүйемелдеуімен «Сауда үздігі - 2016» республикалық конкурсына қатысқан «Арай» спорттық-сауықтыру кешені 2-орынға, Шиелі ауданындағы «Әбдіманап» базары 3-орынға ие болды.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткен «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары - 2016» республикалық көрме-байқауында Қызылорда облысынан «Сыр маржаны» ЖШС «Атамекеннің» арнайы тағайындаған «Іскер - 2016» сыйлығын алды.