Кәсіпкерлер палатасы экономикалық тергеулер бойынша бизнес құқығын қорғайтын арнайы өкілетті уәкіл бекітуді сұрайды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы экономикалық тергеулер қызметінен бизнес құқығын қорғайтын арнайы өкілетті уәкіл бекітуді сұрайды. Бұл мәселені өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Кәсіпкерлер палатасы мен Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеулер қызметі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның сөзіне қарағанда, былтыр палатаның тек құқықтық блогында кәсіпкерлерден 636 өтініш тіркеліп, олардың басым көпшілігі оң шешім тапқан. Сарапшылар 155 сот ісіне қатысып, олардың 108-і (70%) бизнес пайдасына шешілген. Осы уақыт аралығында палата кәсіпкерлердің 1,1 млрд теңге көлеміндегі қаражатын қорғаған.
«Ынтымақтастық тек қағаз жүзінде қалмауы, бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жасалуы қажет. Мысалы, прокуратура органдарымен тиімді ынтымақтастық орнатылды. Сол себепті, кәсіпкерлердің бақылау-тергеу органдары қызметіне деген көзқарасы өзгерді. Әр органның палатаға қатысты бекітілген қызметкері бар. Олар үнемі бизнестің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдерге қатысып отырады. Осындай қарым-қатынасты Мемлекеттік кірістер департаментімен де орнатқымыз келеді. Бұл үшін департаменттің Экономикалық тергеу қызметінде кәсіпкерлер құқығын қорғауға арналған өкілетті уәкіл бекітсеңіздер», деді өңірлік палата басшысы.
Өз кезегінде Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Дәулет Ақылбеков, Экономикалық тергеу бағытында бірлескен жұмысқа әзір екенін, кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілді бекіту мәселесіне оң көзқараста екенін жеткізді.
«Келісім кәсіпкерлік климатты жақсартуға, бизнес мүдделерін құқықтық тұрғыдан қорғауды қамтамасыз етуге жол ашады. Бірлескен іс-әрекеттер Алматы облысындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға және оның өсіп-өркендеуінің негізін қалыптастыруға ықпал етеді деген сенімдемін», деді Дәулет Ақылбеков. Оның сөзіне қарағанда, заңсыз кәсіпкерлікпен күрес те жандана түсетін болады.
Айта кетерлігі, былтыр заңсыз кәсіпкерлікке қатысты қылмыстың 16 фактісі тіркеліп, олардың барлығы сотқа жолданған.