Кәсіпкерлер сотталушылардың рақымшылыққа ілігуіне шағымданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрмеде бизнесін ашқандар білікті мамандарының рақымшылық алып, мерзімінен бұрын босап шығуына наразы. Мұндай дерекпен ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов бөлісті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәсіпкерлер сотталушылардың рақымшылыққа ілігуіне шағымданды

«Өзім де бизнесмендермен де, аталған жұмысшылармен де кездескен едім. Бизнесмендер қазіргі уақытта рақымшылықты, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жиі қолданасыздар деп шағымданады. Олардан білікті мамандар кетіп жатыр. Сондықтан оларды түсінуге де болатын шығар. Мұны олар өкінішпен айтуда. Бірақ, олар бізге бостандықта да керек. Олар бізге өз мамандығымен, біліктілігімен келеді», - деді ол ҚР Бас прокуратурасында өткен «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты бизнесті қорғау жөніндегі екінші форумда.

Оның атап өтуінше, прокуратура сотталушылардың еңбегін оларды қайта тәрбиелеудің үздік әдісі ретінде қарастырады.

«Үш жыл бұрынғы жағдай өте нашар еді. Өйткені, сотталушылардың тек жартысы ғана, оның өзінде «Еңбек» РМК-да еңбек ететін. Жеке бизнес үшін ешқандай жағдай болған жоқ. Колонияға кірудің күрделі сызбасы кедергі болды. Біз оларды жеңілдеттік. Нәтижесінде колонияларда 252 бизнесмен өз ісін ашты. Оларда шамамен 3 мың сотталушы жұмыс істейді», - деді ол.

Сонымен қатар Марат Ахметжанов сотталушыларға да өз бизнесін колонияда ашуға мүмкіншілік берілгендігін баса айтты.

«Бұл оларды бостандыққа шыққаннан кейін өмір сүруге ынталандырады. 56 сотталушы өз ісін ашты. Олар жұмысқа 223 сотталушыны алды», - деді Бас прокурордың орынбасары.