Кәсіпкерлерден пара алудың қылмыстық схемасын жасаған лауазымды тұлғалар ұсталды
«Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР ҰҚК әскери қарсы барлау және Қазақстан Республикасының Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, ауқымды іс-шараны өткізу барысында Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің «Нұр жолы» кеден бекетінің 8 лауазымды тұлғасының қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесті», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Атап айтқанда, кедендік, көліктік, ветеринарлық-фитосанитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы аталған лауазымды тұлғалар жүйелі негізде кәсіпкерлерден және ҚХР-ға қарай жүретін ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерінен пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған.
«Қазақстаннан ҚХР-ға қарай жол жүру үшін бейресми төлем түрінде қалыптасқан «таксаға» байланысты ұзындығы 30 шақырымға дейінгі үлкен кептеліске қатысты лауазымды тұлғалар құқық қорғау органдарының назарына түсті.
Кеден бекетінің 6 лауазымды тұлғасы ұсталып, Талдықорған қаласы ПБ УҰИ-на қамалды, 2 қызметкер өз кінәсін толық мойындауына байланысты ұсталған жоқ.
Күдіктінің кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды», - дейді ол.