Кәсіпкерлерді қолдау: БҚО-да жастар форумы өтеді

Кәсіпкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдаған облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан бұл маңызды салаға үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен қатар әкімшілік кедергілер де жойылуда. Осы мақсатта биылғы наурыз айынан бері облыс басшысы өңірлік кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерді тікелей қабылдап келеді. Содан бері Алтай Көлгіновтің қабылдауында 56 кәсіпкер болды.
Бұл жолы келгендердің ішінде «Азия Глобал Сервис» ЖШС өкілдері Айбек Құланбеков пен Қасым Қанафиннің «Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін жастарды іріктеу» жобасы назарға ілінді. Олардың сөзіне қарағанда, компания жастардың жол табуына жәрдемдеседі. Біріншіден, ірі мұнайгаз компанияларына жұмысқа орналастыру болса, екіншіден, өз компаниясына білімді де белсенді жастарды қабылдайды. Компания өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағытында ірі жобаларды жүзеге асырғысы келеді. Жас кәсіпкерлер клубын құру да ойда.
«Кәсіпкерлердің қабылдауға жақсы әзірленіп келуі қуантады. Соның ішінде «Азия Глобал Сервис» ЖШС өкілдерінің бастамасы қолдауға тұрарлық. Білім-білігін ұдайы жетілдіріп, тәжірибе жинақтаған жастардың енді өздері тұстастарын оқытқысы, қолұшын созғысы келеді. Кәсіпкерлермен іскерлік алаңында осылайша кездесулеріміз алдағы жылы да жалғасын табатын болады», - деді Алтай Көлгінов.