Кәсіпкерлерді жер, салық мәселелері толғандырады - Тимур Құлыбаев

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Еліміз кәсіпкерлерін әлі күнге жер мәселесі толғандырады. Олар өз бизнесін жүргізуде көптеген кедергілерге тап болуда.  

Базбірі құрылыс жүргізу үшін жер мәселесі мен құжаттарды рәсімдеуде қиындық көріп жатса, енді бірі белгіленген салық мөлшерін төлей алмайды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесуінде осылай деді. Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысқан президиум төрағасы құрылыс жүргізу үшін телімдердің түпкі мақсатын өзгертудің өзінде қолбайлау көп екендігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Тимур Құлыбаев сондай-ақ жергілікті билік тарапынан үлкен қолдаулар керектігіне тоқталды. Атап айтқанда, жергілікті тауар өндірушілердің тізімін жасап, оларды әкімдіктердің көмегі арқылы мемлекеттік сатып алуларға қатыстыру қажет. «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін Аймақтық инвестициялық орталығы арқылы несие беруді одан әрі жалғастырған жөн.  Әсіресе, кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған өңірде барынша қолғабыс етуіміз қажет», -  деп атап өтті.

«Шымкент қаласы еліміздегі миллионға жуық тұрғыны бар шаһар. Бұл қала кәсіпкерлікті дамыту бойынша басқа өңірлерге қарағанда көш ілгері болуы тиіс.  Өйткені мұнда іскер азаматтары көп. Олар тіпті Қазақстанның басқа өңірлерінде де инвестиция салып, кәсібін дөңгелетіп жүр. Егер біз осы Шымкенттің өзінде бизнес жүргізуге жағдай жасасақ, олар алысқа бармай-ақ, осы жерде кәсіп ашар еді», - деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы.

Ал, жергілікті кәсіпкерлер болса көрші өзбек елінің тауар өндірушілерімен бәсекелес болу оңай еместігін айтады. Себебі, ол жақта салық көлемі төмен, жұмыс күші арзан. Соның есебінен тауарларының бағасы тым төмен сатылады. Олар осы мәселені бір жақты реттеп беруге өтініш білдірді. Сондай-ақ күнгейлік бизнес өкілдерін тарифтердің тым қымбат болуы мен тексеру шараларының көптігі шаршатқан. Отандық кәсіпкерлердің осы сынды мәселелерін тыңдаған Ұлттық экономикалық палатасының президиум төрағасы мен облыс әкімі жиында көтерілген проблемаларды бірлесіп шешуге уағдаласты. 

Соңғы жаңалықтар
telegram