Кәсіпкерлердің 76 пайызы парасыз жұмыс істеп келеді - Алик Шпекбаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда кәсіпкерлердің 76 пайызы парасыз жұмыс істеп келеді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлердің 76 пайызы парасыз жұмыс істеп келеді - Алик Шпекбаев

«Парасаттылық әрі адалдық тек мемлекеттік қызметте ғана емес, бизнес те де негізгі өнегелі бағыт болуы тиіс. Кәсіпкерлер санасының трансформациясы – экономиканың бәсекеге қабілеттігін дамытудың міндетті шарты. Егер де жемқорлыққа қарсы комплаенс (сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың корпоративтік бағдарламасы) институты толық күшінде жұмыс істесе, онда бұл процесс елеулі түрде жанданады. Ұлттық компаниялар мен жеке секторларда комплаенс-офицерлердің пайда болуы бизнес парасаттылығы деңгейінің өсуіне оңтайлы ықпал етеді. Қазіргі кезде тиісті заң жобасы Парламенттің қарауында. Бизнестің эволюциясы үшін маңызды алғышарттар бар екенін атап өткен жөн. Transparency Kazakhstan сауалнамасына сәйкес, кәсіпкерлердің 76 пайызы өз бизнесін пара бермей дамытып келеді, яғни таза құқықтық кеңістікте қызмет етуде. Өз кезегінде агенттік жемқорлыққа қарсы шаралар арқылы адал бизнеске қолдау жасап отыр», - деп атап өтті А. Шпекбаев агенттіктің 2019 жылғы жұмыс қорытындысына арналған алқа мәжілісінде.

Оның сөзіне қарағанда, агенттік қорғауында бүгінде жалпы сомасы 12 трлн теңгеден астам қаржы құрап отырған 400-ден артық жоба тұр. Оларды отандық және шетелдік инвесторлар жүзеге асыруда. Бизнес ісіне заңсыз араласудың 358 фактісі анықталып, 400 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Бұдан бұрын Алик Шпекбаев алқа мәжілісінде жемқорлық туралы хабарлағандарға берілетін ең жоғарғы сыйақы 10,6 млн теңге болатынын айтты.