Кәсіпкерлерге қатысты мыңдаған санитарлық талап қысқартылды - «Атамекен» палатасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміровтің айтуынша, екі айлық ревизия барысында 40-тан астам санитарлық ереже тексерілді. 

Кәсіпкерлерге қатысты мыңдаған санитарлық талап қысқартылды - «Атамекен» палатасы

Онда 11 543 талап бар. Ревизияның нәтижесінде, тексеріс қағаздарынан ол талаптардың 80 пайызын, яғни 9 172-сін алып тастау туралы шешім шығарылды. Осылайша, тексеріс қағаздарында 2 371 талап қалды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мәселен, тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасымен айналысатын орындарға қатысты 207 санитарлық талап болған. Соның 158-ін, яғни 76 пайызын алып тастауға ұсыныс берілді. Атап айтқанда, балық және балық өнімдерін сақтау үшін бөлек мұздатқышты орнату сияқты талаптарды алып тастап отырмыз. Сосын өндірістік бөлмелер мен ыдыс-аяқтардың дезинфекциясын бақылауға ішкі тексерістің өзі жетіп жатыр. Ал сырттан келген тексеруші ыдыстардан қауіпті бір микрофлораны анықтаса, тиісті шараны қолдана алады. Бұдан бөлек, жануарлардан алынатын шикізаттан жасалған өнімдерді ветеринарлық куәліксіз сатуға болмайды деген талапты алып тастады. Себебі дайын өнімге ондай құжат қажет емес", - деді Өстеміров.

Оның айтуынша, бүгінде жаңа тексеріс қағаздарын бекіту туралы Ұлттық экономика министрінің бұйрығы "Атамекен" палатасының қарауына түсті. Жақын арада палата өз ұстанымын білдіреді. "Осылайша, біз санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік бойынша тексеріс қағаздарын тазартып шықтық. Дегенмен, санитарлық ережелерде жалпы талаптар сақталды. Оның ішінде де проблемалар жетіп артылады", - деп атап көрсетті Өстеміров кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, отырыс барысында  Бас прокуратура ақылға сыймайтын кейбір тексерістерді жариялады.

Прокуратураның департамент басшысы Марат Сексембаевтың айтуынша, жергілікті жерде кәсіпкерлерді тексеретін органдар ойына келгенді істеп,орындауға мүлдем келмейтін талаптарды қойып жүр.