Кәсіпкерлерге салған айыппұл кешіріледі - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 26 маусым, бейсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Ерте ме, кеш пе, Каспий теңізінің қазақстандық секторынан «қара алтын» алынатыны даусыз. Әсіресе, мұнай мен газ қоры жөнінен әлемде теңдесі жоқ «Қашаған» кеніші бұған дайын тұр... «Қашағаннан» «қара алтын» алуға қам жасаған NCOC консорциумы жыл сайын мұнай төгілімдері бола қалған жағдайда шұғыл әрекет ету үшін оқу-жаттығу шарасын өткізіп келеді. Өткен аптада Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге осы мақсаттағы «Мұнай-2014» командалық-штабының оқу-жаттығу шарасын Маңғыстау облысындағы Баутино айлағында өткізді, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Теңіз беті таза ма?» атты мақаласында.
Басылымның мәлметінше, мұнайлы түбек атанған Маңғыстау өңірінде үш теңіз айлағы - Ақтау, Құрық және Баутино бар. Үш айлақ та мұнай-газ жобаларына қызмет көрсетеді. Аталған айлақтар арқылы теңіз кемелерімен қондырғылар, көмірсутектер мен Каспий теңізіндегі жасанды аралдарға материалдық құндылықтар, сонымен бірге, вахталық әдіспен жұмыс жасаушылар тасымалданады. Ал Түпқараған түбегіндегі Баутино айлағында NCOC-тың теңіздегі мұнай төгілімдеріне қарсы шұғыл әрекет ету және зардаптарды жою базасы орналасқан. Осы айлақтың акваториясында өткен оқу-жаттығу шарасына 165 арнайы маман, 9 өртке қарсы қызмет техникасы, аймақтық төтенше жағдай департаментінің судан құтқару қызметінің екі катері, Agip KCO компаниясының төрт кемесі, апаттық медицина орталығының арнаулы көліктері, сонымен бірге, «Ақ Берен» әскерилендірілген отрядының екі техникасы қатыстырылды.
Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Жанболат Смайыловтың пікірінше, оқу-жаттығу шарасын өткізудегі мақсат - Каспий теңізінде мұнай төгіле қалған жағдайда жұмылдырылған апаттық-құтқару қызметтерінің, компаниялар мен өзге де қызметтердің өзара іс-қимылдарының дайындығын тексеру. Мұнай төгілімдерінің зардабын жою үшін шұғыл әрекет етуді қамтамасыз ету.
Айтқандай, оқу-жаттығуларды өткізу және мамандарды дайындау, сонымен бірге, апатты мұнай төгілімдерін жоюды жоспарлау, әрекет ету әдістерін және құралдарды пайдалануды ұдайы жетілдіру мақсатында кешенді бағдарлама жасақталыпты.
Түйіндей айтқанда, теңіз табанынан мұнай өндіру кезінде кез келген апат бола қалса, құтқару қызметтері де, құтқарушылар да жедел іске кірісуге әзір екенін байқатты, дейді мақала авторы.
Қазақтың өткен тарихындағы қиын-қыстау кезеңдер, халқымыздың аштық пен қуғын-сүргінге ұшырауы, оның зардабы, яғни жартысына жуығының қырылуы мен тірі қалғандардың жансауғалап тарыдай шашылып бытырауы туралы айтылып келеді. Айтылсын, себебі, тарихты ұрпақ біліп жүргені дұрыс. Олардың қай шетелдерге қалай барып тұрақтағаны, сіңісіп еңбек еткені, ұрпақ өрбіткені де жазылып, жария болуда. Атамекенге ораламын деушілерге есік ашылды, біраз қандас ортамызға оралды да. Тек, тасада қалған тұс - шеттегі бауырлардың ана тілі мәселесі, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Шетелдегі дарынды қазақ балаларының болашағы ойлантады» атты мақаласында.
Шетелдердегі бауырларымыздың бұған дейін ана тілін бірі ұмытты, бірі ұмытпады. Себеп әртүрлі. Тіпті, Қытай, Моңғолия еліндегі бауырларымыздың қазақылығы астам түсіп жататыны бізді таңғалдырып, салт-дәстүр мен баба өнерін үйретіп жататын тұстары аз емес. Ұмытпауға басты себеп - олардағы қазақы орта, отбасы тәрбиесі, мектепте қазақ тілінің пән ретінде оқытылуы. Бірақ бүгінде бұл жағдай өзгеріп келеді. Көптеген қазақ мектептері жабылды, пән ретінде оқытылуының да аясы тарыла түсуде. Демек, шетелдердегі қазақтардың келешек ұрпақтары ана тілінен бірте-бірте ажырай түседі деген сөз. Бұл жай бізді бейжай қалдырмауы тиіс. Тек, бұл мәселеде қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей-ақ көңілге медеу боп жүрген - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 31 желтоқсандағы «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы аясында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шетелдердегі дарынды қазақ балалары арасында өтетін «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты халықаралық олимпиада. Олимпиада он жыл бойы қазақтың ұлан-ғайыр даласының әр қиырында өткізіліп келеді, деп жазады автор.
Төрт күнге созылған биылғы олимпиада қорытындысында Қытайдан келген екі, Өзбекстаннан келген бір қандасымыз бірінші орынды, тағы да Аспанасты елінен келген екі жас қазақ пен, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен бір-бірден бауырларымыз екінші орынды иеленді. Екі ресейлік, үш қытайлық, бір өзбекстандық және бір түрікменстандық қаракөздер топ жарып, үшінші дәрежелі жүлдеге қол жеткізді.
***
Қазақстанда мүлік рақымшылығымен бірге тағы бір амнистия жүреді. Оның барысында кәсіпкерлерге салынған айыппұлдар кешіріледі, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Кәсіпкерлерге салған айыппұл кешіріледі» деген мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ұлттық кәсіпкерлердің тұңғыш съезінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігіне тиісті заң жобасының қабылдануын қамтамасыз етуді жүктеді. «Үкімет салықтық амнистия жүргізу жөніндегі бастамамен шықты, - деді Кәрім Қажымқанұлы. - Салық органдарында 2013 жылдың 1 қаңтарында есепте тұрған, бірақ 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін төленбеген өсімақы-пенялар мен айыппұлдардан бизнесті босату жоспарлануда. Осы рақымшылықты өткізу кәсіпкерлерге босаған қаражаттарды бизнесін дамытуға және кеңейтуге бағыттауға мүмкіндік береді», - деген Премьер өзінің орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа тапсырма берді: «Салық кодексіне қажетті өзгерістер мен толықтырулардың қаралуын және қабылдануын қамтамасыз етуді жүктеймін!» Үкімет сондай-ақ билікке керекті салалық зерттеулер жүргізуге Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырыс бермек. Бұған қоса, оны мемлекеттік стандарттар мен регламенттерді әзірлеуге қатыстыруға ұйғарыпты. Осы орайда Үкімет жетекшісі кеше Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін, осы палатамен бірлесіп, бір ай ішінде ҰКП-ға кіретін ұйымдар мен қауымдастықтарды осы процеске белсенді тарту туралы ұсыныстарды дайындап, Үкіметке енгізуге міндеттеді. Сонымен қатар мемлекет ауылдағы кәсіпкерлердің кредиттерге қол жеткізудегі мәселелерін шешуге ден қоймақ. Әйтпесе олардың қолындағы ауылшаруашылық техникаларын, жер телімдерін, тіпті үй-жай және ғимараттарын банктер кепілге лайық зат деп қабылдамайды, несие бермейді. Осыған байланысты Кәрім Мәсімов өзінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтан барлық мүдделі тараптарды қатыстыра отырып, осы тақырыпта жеке кеңес өткізуді сұрады: «Содан кейін бір ай ішінде Үкіметке даму институттарының кредиттік ресурстарына олардың қол жеткізе алуы бойынша ұсыныстар енгізіңіз!» Кәсіпкерлер съезінде өз ісін жаңа бастаушы шағын және орта бизнес өкілдері үшін қызмет аясының тарылып кеткендігі қаузалды. Көптеген ірі қалаларда базарларды жаппай күресінге жіберу қарқынды жүруде. Алайда олардың орнына заманауи сауда-логистикалық кешендер тұрғызу үрдісі ұқсас «ырғақ» ала алмай отыр. Бұл дүрбелеңге тіпті Ұлттық палата басшылығының араласуына тура келген: әкімдерге базарларды ысыруды тоқтата тұруға кеңес берілді. Кеше Үкімет жетекшісі бұл мәселені назарға алғандығын хабарлады. Кәрім Мәсімов І вице-премьер Б.Сағынтаевқа сауда орындары мен базарларға байланысты проблемалық жайттарды пысықтап, оны шешу жолдарын Үкімет отырысына қарауға шығаруды тапсырды. ҰКП басқармасының мүшесі Заңғар Ноғайбайдың айтуынша, міндетті мүшелік жарна көлемін анықтайтын қолданыстағы жүйенің кемшілігіне қатысты кәсіпкерлерден шағымдар түсуде. «Осыған орай біз сәуір айынан бастап, сайт арқылы кәсіпкерлерден ұсыныстарын жинадық. Шамамен, 50 ұсыныс түсті. Құрылған жұмыс тобы үш оңтайлы нұсқаны анықтады. Келесі кезеңде олар бойынша егжей-тегжейлі есептеулер жүргізу қажет. Оларды Үкіметпен талқыға саламыз және қорытындылары туралы тамыз ортасында Ұлттық палата төралқасына баяндаймыз» деді ол. Съезд қорытындысында ҰКП төралқасының төрағасы болып, Тимур Құлыбаев қайта сайланды.
Агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкер ретінде ісіңізді дамыту мен ауылшаруашылық техникасын, технологиялық жабдықтарын сатып алуға несие мен лизинг алған болсаңыз, қарызыңызды арзандату мүмкіндігін пайдалануға болады, деп жазады «Айқын» газеті « Шаруалардың борышы жеңілдейді» атты мақаласында. Мемлекет ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің несиелерін арзандату жұмысын биыл тағы да қолға алды. Мемлекеттік субсидиялар технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингісі, сонымен бірге аграрлық саладағы кәсіпкерлікті дамытуға алған ақшалай несиелерді арзандатуға бағытталады. Кәсіпкерлікті қолдау шарасы «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында былтырдан бері жүзеге асырылуда. Мақсаты - несиелік/лизингтік шарттар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау арқылы шаруалардың несие ресурстарына деген қолжетімділігін арттыру.
Несиелер мен технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингісі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау тақырыбындағы қарызгерлерді қызықтыратын барлық сауалдарға «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамының мамандары жан-жақты жауап береді. Компания 2013 жылдың шілдесінен бастап несиелер мен технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингісі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың операторы болып табылады. Олардың айтуынша, меншік түріне қарамастан, ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін және/немесе қайта өңдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлғалар, оның ішінде фермерлік/шаруа қожалықтары, сонымен бірге ауылшаруашылық өнімдерін сату, тасымалдау, сақтау, дайындау бойынша қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар бағдарламаға қатыса алады. Бағдарламаға қатысамын деуші барлық қарызгерлер несие алған екінші деңгейлі банктерге және лизингтік компанияларға өтініш беруі тиіс. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі теңгеде жылдық 14%-дан және шетелдік валютада жылдық 10%-дан аспайтын лизинг пен несиелер субсидияланады. Бұл ауылшаруашылық техникасы мен технологиялық жабдықтарын алуға бағытталған лизинг шарттары мен айналым қаражатын толтыруға, құрылыс пен негізгі қаражатты алуға арналған кредиттік шарттар болуы мүмкін.
Айналымдағы қаражатты толтыру және негізгі қаражатты алу, құрылыс, сондай-ақ технологиялық жабдықты және ауылшаруашылық техникасын лизингке сатып алу несиелерінің сыйақы мөлшерлемелері теңгемен алынған болса, жылдық 7 пайызға төмендетіледі, шетелдік валютамен алынған болса, жылдық 5 пайызға төмендетіледі. Мал шаруашылығы мен мал азығын өндіруге арналған ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын сатып алу мақсатындағы несиелер мен лизингтің сыйақы мөлшерлемелері теңгемен алынса, жылдық 10 пайызға, шетелдік валютамен алынған болса, жылдық 7 пайызға төмендетіледі. ***
Республикалық «Инновациялық форсаж» конкурсына солтүстікқазақстандықтар жаңа жылу жүйесін таныстырып отыр. Бұл туралы «Литер» газеті «Только перегнув палку,изобретешь велосипед» деген мақалада жазады. Бұл арнайы қазандықтарда тіпті түтіннің өзі соңына дейін жанып, жылу беретін көрінеді.
«Біздің ұзақ уақыт жанатын қазандықтарымызды төрт күнде бір рет қатты отынмен толтырып қойса болды. Ерекше жасалған құрылысының арқасында бұл пештердегі отын қап-қара түтін болып атмосфераға тарамайды. Түтіннің өзі қызып, жанып, жылу беріп барып ең соңында бу ғана шығады», - дейді Петропалвда өткенкөрмеге қатысушы Александр Топченко.
Жаңа пеш былтыр Қиялы ауылында сынақтан өткізілген. Сонда ол өзінің өте жылылығымен және 4 есе үнемділігімен көзге түсіпті.