Кәсіпкерлік: БҚО-да жыл соңына дейін 7 млрд астам теңгеге 5 жоба іске қосылмақшы

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жыл соңына дейін 7 млрд астам теңгеге 5 жобаны жүзеге асыру көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлік: БҚО-да жыл соңына дейін 7 млрд астам теңгеге 5 жоба іске қосылмақшы

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, соның нәтижесінде 300-ден астам жұмыс орны ашылмақшы.

Атап айтқанда, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС қуаты 35-500 кВ трансформаторға арналған панельді радиатор өндірісін жолға қоймақшы.

«Green Spark Limited» ЖШС күн батареяларын өндіретін болса, «Квант» ЖШС жиһаз фабрикасын салуда.

«Intelligent Provective System» ЖШС дербес газ анализаторларын шығаруды жоспарласа, «Кублей» ЖШС тері өңдеу цехын аспақшы.

Жалпы, облыста инвестиция тарту айрықша назарда. Мысалы, биылғы сегіз айда негізгі қаржыға 291 млрд теңге инвестиция қосылды.

Өңір басшысының сөзіне қарағанда, елдегі індетке байланысты шектеулерге қарамастан, инвестиция тарту ісі жалғасуда. Биыл инвесторлар кеңесінде 46 млрд теңгені қүрайтын 18 жоба (900-ден астам жұмыс орны) мақұлданды. Соның төртеуі бойынша құрылыс басталып кетті.

Маусым айында «Бизнес үшін үкімет» жобасы іске қосылып, соның аясында бизнесті қолдау мақсатында 50-ден астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілуде.

Инвесторлар мен мемлекеттік органдар аясында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет тиімділігін арттыру мақсатында invest07.gov.kz негізінде онлайн-платформа құрылды.

Биыл осы кезге дейін «Орал құс фабрикасы» ЖШС жылына 18 млн дана тауарлы жұмыртқа өндіретін жаңа цехты ашса, «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС голландиялық технология бойынша жылына 3 мың тонна көкөніс өндіретін 5 га жерде жылыжай кешенін (7 млрд теңге) іске қосты.