Кәсіпкерлікті қолдау бағытында кешенді шаралар алынатын болады - БҚО әкімі

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, әкімшілік кедергілерді жою бағытында кешенді шаралар алынатын болады. 

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында кешенді шаралар алынатын болады - БҚО әкімі

Бұл туралы БҚО әкімдігі мен облыс прокуратурасының алқа мәжілісі және өңірлік кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңес отырысында облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша өкіл Болат Палымбетов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілерді азайту департаментінің директоры Ербол Үстеміровтің қатысуымен өткен жиында облыс басшысының баян еткеніндей, өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлікті қолдау, ішкі жалпы өнімдегі, бюджетке түсетін салықтағы шағын және орта бизнестің үлесін одан әрі молайту жолында нақты қадамдар қолға алынуда.  Мұндай жұмыстар кәсіпкерлікті қорғау, әкімшілік кедергілерді жою, сыбайластық жағдаяттарын болдырмау сынды үш бағытта жүргізілуде. Бұл ретте кәсіпкерлер қауымдастығы және құқық қорғау органдарымен бірлесе қызмет атқарудың тиімділігі күмән тудырмайды. Алдымен жергілікті атқарушы органдар мен тиісті мекемелер облыстық және аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Бір терезе» қағидаты бойынша белгіленген мерзімде құжат қабылдап, кәсіпкерлерге кеңес беріп, нақты жұмыс жасауы керек. Өңір басшысының облыстық кәсіпкерлер палатасында апта сайын кәсіпкерлерді қабылдап жүргені мәлім. Ендеше, қала, аудан әкімдері де осылай жасауы тиіс. Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірген барлық мемлекеттік орган қызметкерлері сол үшін жауап беретін болады. Ең бастысы, кәсіпкерлер кабинеттерді жағалап немесе басқарма, департаменттерді аралап, сенделіп жүрмей, жұмыстарын тез бітіруі тиіс. Әкімшілік кедергілерді жою мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірге кәсіпкерлік саласында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру үдерісі енгізілуде. Сондай-ақ «Таза қолдар» атты пилоттық жоба жүзеге асырыла бастады. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету бағытында да тиісті шаралар атқарылуда.

Отырыста сондай-ақ облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, әкімшілік кедергілерді анықтау және жою бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мысалы, 2016 жылы прокуратура органдары жеке кәсіпкерлік нысандарының құқығын қорғау бағытында 12 тексеріс жүргізіп, соның нәтижесінде 117 заңбұзушылықты анықтады. Оны жою үшін 36 прокурорлық ықпал ету актілері енгізіліп, 19 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 146 кәсіпкердің құқығы қорғалды. БҚО бойынша экономикалық қылмыстардың тіркелуі екі есе азайды (2016 жылы - 77, 2015 жылы - 108, 2017 жылғы бірінші тоқсанда - 12, өткен жылғы осы мерзімде - 32). Жалпы алғанда, облыста соңғы бес жылда бизнесті тексеру үш есеге қысқарды (2011 жылғы 9998-ден 2016 жылғы 3279-ға дейін).

Дегенмен бизнестің дамуына теріс әсерін тигізетін кедергілер де аз емес. Бұлар - мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың төрешілдігі, жасанды әкімшілік кедергілер жасау, негізсіз жүргізілетін тексерулер, сапасыз мемлекеттік қызмет көрсету, әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тарту және басқалар. Мұның бәрін дұрыстау үшін кешенді шаралар жүргізу қажет. Осыған орай арнайы жоспар бекітіліп, жұмыс жасалатын болады.