«Кәсіпқор холдингі» индустрияландырудың екінші кезеңіне маман даярлауға жәрдемдеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Кәсіпқор холдингі» индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына маман даярлауға жәрдемдеседі. Бүгін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Кәсіпқор холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Елдана Сәдуақасова осылай мәлім етті. Жиын барысында «Кәсіпқор Холдингі» АҚ қызметі талқыланған болатын.

«Кәсіпқор холдингі» индустрияландырудың екінші кезеңіне маман даярлауға жәрдемдеседі

«Кәсіптік білім беру саласында біз әсіресе өндірістік, тәжірибелік даярлыққа барынша мән береміз. Бұл ретте дуалдық білім берудің құрамдасы ретінде практикалық даярлықта оқудың екі деңгейлі жүйесі енгізіледі. Бірінші деңгейде студент теориялық білімге қанығады, бұл үшін колледждер заманауи оқу-өндірістік жабдықтармен қамтылады. Сонымен бір мезгілде студенттер өндіріске жіберуге рұқсат ететін жүйе бойынша қосымша үлгілерді оқиды. Осылайша, өндіріске рұқсат алған студент оқудың екінші деңгейіне өтеді әрі тікелей кәсіпорында жұмыс тәжірибесіне араласады», - дейді Елдана Сәдуақасова.

Оның айтуынша, өндірістік тәжірибеде колледж студенті тәлімгердің көмегімен нақты өндіріс нысанында толықтай жұмыс нормасымен қамтылады. Осылайша, жұмыс берушілер мен түлектер арасындағы талап алшақтығы жойылады. Ал бітірушілерге қазақстандық үлгідегі және шетелдік серіктестердің дипломы мен біліктілік сертификаттары беріледі.

«Холдинг индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асыруға мамандар даярлауға жәрдемдесетін болады. Бүгінгі күні өзінің әлеуеті, мамандықты бағдарлауы, материалдық-техникалық жағдайы тұрғысынан өңірлік даму жобасына сай келетін 10 колледж айқындалды. Олар үшін кадр даярлау бағытында дамудың жекелей бағдарламасы әзірленеді», - деді Е.Сәдуақасова.

Ол сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды қаржыландыру республикалық бюджеттен қаралатынын жеткізді.