Кәсіпқой бокс әлемі бірқатар қазақ ұландарымен толықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі әлемдік аренада кәсіпқой бокстан ел абыройын асқақтатып жүрген қаракөз спортшыларымыз саусақпен санарлық. Енді сол спортшылардың ортасы тағы бірқатар қазақ ұландарымен толықты. Солардың бірі - аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев.
Мырсатаев бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол 1985 жылы мамырдың 7-сі күні Қырғызстанда дүниеге келіп, 2005 жылы ата-жұртына қоныс аударған қандастарымыздың бірі.
Руслан ең әуелі спорттық мансабын балалық шағында футбол ойнаудан бастайды. Кейін самбо күресіне қызығып, екі жылдай бозкілем көрігін қыздырады. Бірақ, спорттың бұл түрінен жақсы нәтиже көрсете алмайтынын біліп, 17 жасында Кеңес одағына әйгілі болған бапкер Владимир Рословтың қол астында жаттығып, бокс әлеміне білек сыбана кіріседі.
Ол Қырғызстанда жүргенде 2005 жылы сол елдің атынан Азия біріншілігіне қатысып, жақсы өнер көрсетті. Сол жылы әлем чемпионатында да ширек финалға дейін жетіп, болашағынан үміт күттірген спортшылардың бірі атанды. Содан қазірге дейін былғары қолғабын шешкен емес.
Ал Мырсатаев ата-жұртына оралған соң да, көптеген ірі жарыстарға қатысып, абыройымызды биіктерден көрсете білді. Осыған дейін әр түрлі сайыстарда +91 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын қорғап келді. Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, Бейжің Олимпиадасына қатысып, ширек финалға дейін жеткен болатын.
Ол 2009 жылы Президент кубогында күміс жүлдегер атанса, 2010 жылы өткен бәсекеде қола жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ осы жылы күзде Астанада WSB жобасы аясында құрылған «Астана арландары» құрамасының белді спортшыларының бірі болып, қатарынан бес жыл осы құрамада тапжылмай өнер көрсетті. Соның нәтижесінде АИБА тарапынан 2012 жылғы WSB дәрежесі бойынша «жылдың үздік боксшысы» деп танылды.
Енді Руслан өнерін кәсіпқой бокста жалғастырмақ. Ол кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өзге боксшылар сияқты құрлық асып, шетелдерде өткізуді жөн санамапты. Мырсатаев тұңғыш айқасын бірден Алатау бөктеріндегі әсем Алматы қаласында 30 қаңтар күні жергілікті жанкүйерлерге тарту етпек.
Бокс кеші жергілікті уақытпен кешкі сағат 20:00-де Royal Tulip қонақ үйінде өтеді.
Бұл күні Мырсатаевтан өзге бірқатар қазақ ұландары кәсіпқой бокстағы рейтингтік айқастарын өткізеді. Олар: Айдос Ербосынұлы, Берікбай Нұрымбетов, Ержан Залилов, Нұрсұлтан Қабдулов. Қазірге бұл бауырларымыздың қарсыластарының есімдері жариялана қойған жоқ. Ал Руслан Мырсатаевтың алғашқы қарсыласы - ресейлік боксшы Валерий Замиралов.
Валерий осыған дейін кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңілістің кермек дәмін татыпты. Руслан мен Валерий арасындағы жекпе-жек осы бокс кешінің басты айқасы болмақ.
Бокс жекпе-жектерін «BM Global» және «Diamond Ring» ЖШС және Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы ұйымдастырып отыр.
Кәсіпқой бокс әлеміне қадам басқан бауырларымызға сәттілік жолдас болсын деп тілейік.
Күнсұлтан Отарбай