Кәсіпқой бокс: Жәнібек Әлімханұлының АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегі қашан өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының Америкадағы алғашқы жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көптен күткен жаңалық! Жәнібек Әлімханұлының Америкадағы алғашқы жекпе-жегінің уақыты белгілі болды. Бұйырса, кәсіпқой бокс жанкүйерлері қазақ бокс стилін 28 қыркүйек күні көреді. Жәнібек батыр тас түйін дайын! Қарсыласы жақында белгілі болады», - деп жазды өзінің Фейсбук парақшасында боксшысының менеджері Берік Сұлтан.
Белгілі болып отырғандай, қазақстандық боксшының алғашқы жекпе-жегі АҚШ Калифорния штатының Аламида округі Окленд қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы үстіміздегі жылдың қаңтар айында ҚР ұлттық құрамасындағы мансабының аяқталғанын жариялаған болатын. Кейіннен кәсіпқой боксқа біржола бет бұрғаны белгілі болды.
Арада көп өтпей оның белгілі промоутер Боб Арумның «Top Rank» компаниясымен келісімшарт жасасқаны белгілі болған.