Кәсіпқой боксшы Жүкембаев алдағы жоспарларымен бөлісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ешкімнен жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (14-0, 12 КО) канадалық БАҚ-қа берген баспасөз ақпаратында өз командасына алғысын білдіріп, болашаққа жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
None
None

Айта кетейік, Батыр Жүкембаев бірнеше ай бойы өзінің промоутері Камилл Эстефанмен келіспеушілікте болған. Бірақ қазір бәрі өз орнына келіп, спортшы мансабындағы жаңа биіктерді бағындыруға дайындалуда.  

«Мен үш жыл бұрын Қазақстаннан кетіп, көптеген танымал боксшылар шыққан Канада еліне келдім. Бұл жерге кәсіби боксшы мансабын бастау мақсатымен келген едім. Өз мансабымды Канадада бастадым. Мұнда промоутерім Камилл Эстефан, менеджерім Анна Рева мен жаттықтырушым Стефан Ляруш менің Қазақстан және Канададағы мыңдаған жанкүйерімнің қолдауын алуға көмектесті. Сондықтан қазірге дейін өткізілген 14 жекпе-жегімнің 14-інжеңіспен, соның ішінде 12-сін нокаутпен аяқтадым.  

Менің әрбір жұдырықтасуым - нағыз бокс драмасы.  Әсіресе, Патрисио Мореноға қарсы болған соңғы жекпе-жек сондай. Бұл айқаста мен бірінші раундта нокдаунға түстім, екіншісінде қарсыласымды мен нокдаунға жібердім. Ал жетінші раундта кездесуді нокаутпен аяқтадым.

Фанаттарымды қызықтыратыны - бокстағы стилім. Үлкен титулдары, табысы бар, телерейтингтер мен көрермендердің рекордтық санын жинай алатын жекпе-жектер - бұл менің өз промоутерім мен менеджерімнен күтетінім. Олар мұны мен үшін және жанкүйерлерім үшін жасай алатынына сенімдімін.

Мен өз категориямдағы кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайынмын, ол үшін маған белдік, гонорар және айқас өткізілетін жерді көрсетсеңіз болды», - делінген таратылған ақпаратта.    

Соңғы жаңалықтар