Кәсіпқой боксшы Жүкембаев пен Құсайыновтың қарсыластары белгілі болды
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы бірінші жартылай орта салмақтағы Батыр Жүкембаев ( 7-0-0, 6КО) пен жеңіл салмақтағы Абылайхан Құсайыновтың (4-0-0, 3КО) қарсыластары анықталды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
boxrec.com сайтының мәліметтеріне қарағанда, Жүкембаев мексикалық Давид Ранхелмен(12-4-0, 8КО) қолғап түйістіреді, кездесу 8 раундқа жоспарланған. Ал Құсайынов мексикалық боксшы Оскар Мехьямен(8-1-1, 3КО) алты раундтық жекпе-жек өткізбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін жерлестеріміздің қарсыластары белгісіз екенін хабарлаған болатынбыз.
Жекпе-жек 28 қаңтарда Канаданың Монреаль қаласында өтетін болады. Кештің басты жекпе-жегінде канадалық боксшылар Стивен Батлер(18-0-1, 15КО) мен Брэндон Кук (17-0-0, 10КО) IBF North American мен WBA-NABA титулы үшін жұдырықтаспақ.