Кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы болғым келеді ? М. Сәрсембаев

АЛМАТЫ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әуесқой бокстан Азия чемпионы және Әлем чемпионаты мен Әлем кубогiнiң қола жүлдегерi атанған талдықорғандық Мират Сәрсембаев енді кәсіпқой бокста бақ сынамақ.

Кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы болғым келеді ? М. Сәрсембаев
Бұл жайлы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Енді кәсіпқой бокспен шындап айналысып, Әлем чемпионы атанғым келеді. Бұл үшін жаттығу жұмыстарын Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясында жалғастырып, алдағы уақытта келісімшартқа отырмақпын», - дейді Мират Сәрсембаев. Промоутер Марат Мәзімбаевтың айтуынша, Мираттың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі мамыр айында Алматыда өтпек.1986 жылы шілденің 13-інде Алматы облысында дүниеге келген Мират Сәрсембаев Талдықорғандағы спорттан дарынды балаларға арналған мектеп -интернаттың түлегі. Ол 2005 жылы жастар арасында өткен Әлем чемпионатында 48 килә салмақта қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ ересектер арасында Моңғолияда өткен Азия чемпионатында үздік шығып, соңғы 10 жылдың ішінде жеңіл салмақта топ жарған алғашқы қазақстандық былғары қолғап шебері болды. Тоқтарбек Сәметовтен тәлім алған ол 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының жолдамасын Астанада өткен халықаралық турнирде жеңіп алып, 51 киләда ширек финалға дейін жеткен болатын.